"Тауға біткен жалбыз"
Қасиетті мекеніміз асылға да, дарынға да, ғалымға да бай ғой, шіркін! Жалпы Жаңаарқа десе, елеңдемейтін жан жоқ-ау! Неге дейсіз ғой? Себебі біздің өлкеміз тұнып тұрған ғажайып!
Осы өлкемізге өзіндік өрнегімен келіп, дара жолын салған сом тұлғаның бірі де бірегейі- Ақселеу Сейдімбек. Кеше осы Жаңаарқадан шыққан жайсаң жанға арналған тамаша кеш болды. "Тауға біткен жалбыз"
Кеш өте мазмұнды, тартымды өтті. Ақселеу ағамыздың балалық шағынан бастап, халқына сіңірген еңбегі жас ұрпақтың санасына тамаша сіңірілді. Кештің арнайы қонақтары "Жаңаарқа" газетінің бас редакторы Салтанат Аманқызы, ҚР Мәдениет қайраткері Жалын Сыздықов, А. Сейдімбек атындағы көше тұрғыны А.Түсіпов, музей басшысы Е.Шубаев, білім бөлімінің әдіскері Ә.Мұхамедина, /132 ТМ (РО) тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Алашбаева, Ақселеу Сейдімбек атындағы мектептің үздік оқушысы Жанар Жұмаділда.
Бұл іс-шара Жаңаарқа ауданы білім бөлімінің жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Дайындаған /132 ТМ (РО) мұғалімі Нұргүл Нагайқызы.
Отызға тарта көркем, ғылыми-көпшілік және монографиялық кітаптардың авторы, Гомердің «Илиада», «Одиссея» дастандарын қара сөзбен аударып, И.Можейконың «7 және 37 керемет» (1998) кітабын тәржімалаған, шығармалары оннан астам шетел тілдеріне аударылған жерлесіміз Ақселеу Сейдімбек еңбектері келешек ұрпақ үшін таптырмас қазына.
Кештің аты да тамаша ойластырылған. "Тауға біткен жалбыз" Жалбыз- жүзден астам ауру ем болатын дәрілік шөп. Ендеше артынан сазды әндері мен өміршең еңбектерін, бай кітапхана қорын қалдырған Ахаң өмірі де сол жалбыз тәрізді сезілді.
Кеш мақсатына жетті. Жас буынға терең ой, болашағына асқақ арман арқалатты. Біздің мақсатымыз да осы болатын.
Әр өткізген кешінің өзіндік мазмұны мен мәнері бар, ізденімпаз ұстаз, әдебиеттің сарқынын іздеп жүріп тауып алатын Нұргүл Нагайқызына үлкен ризашылық білдіріп тарқастық.
Бұл Ақселеу Сейдімбекке арналған аудандық шаралардың басы ғана. Алдымызда ауқымды жоспарлар бар...Сол күндерде жолыққанша...