Ахмет Байтұрсынұлын білмейтін қазақ жоқ. Ұлт ұстазының есімін естігенде бәріміз елжіреп кетеміз. Сөзсіз, Ахмет Байтұрсынұлы – орасан зор, кемел тұлға. Алашорда және қоғам қайраткері, ағартушы, зиялы, алғашқы журналист, педагог, идеолог, ғалым деп ұлы тұлғаның сан қырын сипаттап кете беруге болады. Бірақ бұлардың арасында бәрінен де биік тұратыны – ол Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдығы. Мұрасы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазіргі қазақ академиялық ғылымының түп бастауында тұрған ғұлама ғалым. Қазақ ғылымының атасы. Бұрынғы заманның ғалымдары нағыз Google-энциклопедия сынды білімдар жандар болған. Бір емес, бірнеше ғылымнан хабардар болатын. Сол сияқты Ахмет Байтұрсынұлы да ғылымды игеріп қана қоймай, одан академиялық білімдер жүйесін түзген, "жоқтан бар жасаған" ғалым. Ахмет атаны қазақтың Эйнштейні мен Ломоносовы десек, артық емес.