Ақпан айының 18 жұлдызында Қарағанды облысының жалпы білім беретін мектептері және әскери-спорттық клубтарының білім алушылары арасында КСРО әскерлерінің Ауғаннан шығарылуының 29 жылдығына орай оқ ату жарысы өтті.
Бұл жарыстың басты мақсаты - жастардың арасындағы патриоттық рухты көтеру болып табылады.
Таңғы тоғыздан басталған жарыстың нәтижесінде болашақ жауынгер оқушыларымыз Ақжол Жамантай, Әнуар Буртаев, Мәдібек Абаев және Бекжан Байбәкір алғашқы әскери дайындықтағы өздерінің оқып-үйренгендерін іс жүзінде көрсете біліп, 17 команданың арасында оқ бойы озып шығып, жалпы командалық есепте №132 жалпы орта білім беретін мектебі ІІІ орынды жеңіп алды.
Ал, жекелей есепте 68 оқушының арасында 10 "А" сынып оқушысы Бекжан Байбәкір 1 орынды қанжығасына байлады.
Мерген қорғаныста тіреніш, шабуылда сүйеніш, - демекші, болашақ жауынгер тіренішіміз бен сүйеу болатын батырларымыздың бапкері әрі құралайды көзге атқан мергеніміз, сондай-ақ, оқушыларды Отан алдындағы әскери міндетке машықтандыруда, патриоттық тәрбие беруде, өз Отанын сүюге, құрметтеуге баулуда алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Өміртаев Айдын Ыдығанұлының еңбегі орасан.
Мектебіміздің намысын қорғап, оқушыларды шыңдап, осындай жоғары жетістікке жетуге өз үлесін аямай қосып, ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет атқаратын әріптесіміз Айдын Ыдығанұлына біздің құрметіміз ерекше.
Ұйымдастырушылар атынан жеңімпаздар мақтау қағаздары мен заттай сыйлықтарға ие болды.