Өткенді бағаламайынша,
бүгінгіні бағалап, келешекке
қадам басу мүмкін емес...
Тарихы терең, тағылымы мол білім ордасы
Қызылжар жалпы орта білім беретін мектебінің тарихы
Бұл мектеп 1938 жылы бір қабатты бастауыш мектеп болып салынған екен. Сол бастауыш мектеп 1947 жылы жеті жылдық мектеп болып ашылады. Жеті жылдық мектептің директоры Әубәкіров Хамит болған.
Әубәкіров Хамит 1917 жылы 28 сәуірде Жезқазған облысы Атасу кентінде дүниеге келген. 1932 жылы Ақмола қаласындағы Сталин атындағы жетіжылдық мектебін бітіріп, 1933 жылы Көкшетау педагогикалық техникумына түсіп, 1935 жылы бітірген. 1936 жылы Семей қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, 1938 жылы тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. 1941-1945 жылдары газеттерге штаттан тыс тілші ретінде мақалалар жариялап отырған. 1948- жылдан бастап Қызылжар жетіжылдық мектебінде директор болып қызмет атқарған.
Ал 1950 жылдан бастап мектеп директоры Байдаулетов Қаппар болған. Қызылжар жалпы орта білім беретін мектебінің негізін салған Қаппар Байдаулетұлы өткен ғасырдың 1921 жылында Түгіскен ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Қаппар Байдаулетұлының балалық шағы жетімдікпен өтеді. Еті тірі, ширақ болған ол қиындыққа мойымай Петропавл қаласындағы мұғалімдер даярлайтын училищеге түсіп, оқып бітіреді. Ұлы Отан соғысы кезінде майданға аттанып, Кеңес Одағының Қиыр Шығыс шекарасында жапон милитаристерін талқандауға қатысады. Соғыстан соң елге оралған ол Жаңаарқа ауданының аудандық оқу бөлімінде инспектор, Өркендеу ауылында мектеп директоры қызметін атқарады. Бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланады. Аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болады. Елуінші жылдардың соңына қарай Қызылжар стансасындағы мектептің директоры болып тағайындалады. Ол кезде Қызылжардағы мектеп үйі ескі болса керек. Жаңа мектеп үйін салуға бел шеше кіріскен Қаппар Байдаулетұлы мектеп үйінің алғаш іргетасын өз қолымен құяды. Міне осы мектеп бүгінгі күні Қызылжар жалпы орта білім беретін мектебі болып, балалардың көңіліне білім нұрын сеуіп келеді. Қазақ және орыс тілдерінде оқытып, тәрбие беретін осы мектепті бітірген талай азамат бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінде Отанымыздың игілігі үшін қызмет атқарып жүр.
Оқушылар санының көбеюіне байланысты Қызылжар негізгі мектебі 1961 жылы екі қабатты №168-ші сегізжылдық аралас мектеп болып үлкейтіліп салынған. Мектепті Қаппар Байдаулетұлы 1966 жылға дейін басқарған. 1987 жылы негізгі мектеп, Қызылжар орта мектебі болып бекітілді. Сонымен қатар осы мектепте төмендегі директорлар қызмет атқарды.
1966-1973 жылдар аралығында Әбдірахманов Қасқырбай мектеп директоры болған. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің маманы қасқырбай ағай 1951 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Қызылжар стансасына қоныс аударып ұстаздық қызмет, онан соң оқу ісінің меңгерушісі, 1966 жылдан бастап мектеп директоры қызметін атқарады. Атқарған еңбектерінің нәтижесінде бірнеше мәрте Түгіскен селолық советіне депутат болған, Алматы қаласында болған темір жол мектебі мұғалімдерінің съезіне делегат болып барып қайтқан.
1973-1978 жылдар аралығында математика пәнінің мұғалімі Сәбит Қазбекұлы Қазбеков мектеп директоры қызметін атқарған. Түгіскен орта мектебінің алғашқы түлегі Сәбит Қазбекұлы халқына атқарған еңбегінің арқасында 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалімен құрметтелген.
1979-1980 жылдар аралығында мектеп директоры болған Шәрбан Ысқаққызы – Қызылжар сегізжылдық мектебінің түлегі. Өзінің еңбек жолын оқыған мектебінен бастаған Шәрбан Ысқаққызы мектеп директорына дейін көтеріліп, қызмет бабымен Жезқазған аумақтық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасры қызметін атқара жүріп, бірнеше лауазымдық қызметтік атақтарға ие болды. Атап айтсақ: «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру жүйесінің құрметті қызметкері», «ҚР білім беру жүйесінің құрметті азаматшасы». Бүгінде бейнетінің зейнетін көрген құрметті зейнеткер.
1980 жылдың 30 қаңтарынан бастап 1986 жылдың 10 наурызы аралығында Ыбыраев Бейіш Зікірияұлы аталмыш мектепте директорлық қызмет атқарған. Сол жылдардағы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Жаңаарқа ауданының мектеп инспекторы қызметінде жұмыс жасап жүрген Қуанышбеков Ермек Зейнуллаұлы Қызылжар сегізжылдық мектебінде 1986-1987 жылдар аралығында директор болып қызмет атқарды.
Осы Қызылжар сегізжылдық мектебінің 1976 жылғы түлегі Қадірсізов Уалихан Анасұлы 1987-1995 жылдар аралығында өзі оқыған мектебінде директорлық қызмет атқарды. 1996-1999 жылдар аралығында аталмыш мектепте осы мектеп түлегі Садуақасова Балдырған Құралқызы мектеп директоры болып, одан соң қызмет бабымен Қарағанды қалалық білім бөліміне әдіскер болып ауысып кетті. Одан соң 1999-2000 жылдар аралығында осы мектептің 1982 жылдан бергі химия пәнінің мұғалімі Балабаева Тұрсын Құрманбайқызы мектеп директоры қызметін атқарды. Кейіннен ол кісі де қызметі жоғарылап Жезқазған қаласындағы Байқоңыров атындағы университетке аға мұғалім болып ауысып кетті.
2000 жылдың 28 ақпанынан бастап 2004 жылдың маусымына дейін Қызылжар орта мектебінің директоры болып Ақтүбек ауылының тумасы Ақышев Жаролла директорлық қызмет атқарды. Жоғары білімді, жоғары санаттағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жаролла ағай қызмет бабымен Қарағанды облыстық білім басқармасына қарасты №16 кәсіптік лицей мемлекеттік мекемесіне директорлық қызметке ауысты.
Қызылжар орта мектебінің жоғары санатты ұстазы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Сәрсенова Дариха Әбжаппарқызы 2004-2007 жылдар аралығында мектеп директоры қызметін атқарды. Бүгінгі күні зейнеткерлік демалыста, сіңірген еңбегі бағаланып 2016 жылы «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері.
2007 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қызылжар жалпы орта білім беретін мектебінің мектеп директоры Жайлаубаев Дүйсенбай Соқабайұлы. Еңбек жолын Кенжебай-Самай негізгі мектебінде мұғалім болып бастаған Дүйсекең аталмыш мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2001 жылдан бастап Түгіскен орта мектебінде тәрбие ісінің меңгерушісі болып, қызмет бабымен білім беру жолындағы жасаған еңбектері еленіп 2007 жылдан бастап Қызылжар ЖОББ мектебінің мектеп директоры қызметіне ауысты. Осы жылдан бері тынбай атқарған қызметтері үшін білім беру ісінде бірнеше жоғары марапаттар иесі, атап айтсақ: Жаңаарқа аудандық білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасымен» 2005 жылы, Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясының «Құрмет грамотасы» 2009 жылы, Жаңаарқа ауданы әкімі мен мәслихатының «Құрмет грамотасы» 2009 жыл, Қазақстан Республикасы Қарағанды облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» 2010 жылы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен наградталды, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін Министр Е.Сағадиевтен «Алғыс» 2017 жыл.
1988 жылы еңбек жолын осы мектептен бастаған математика пәнінің мұғалімі Жамбекова Алтын Мұсатайқызы 1996 жылдан бері оқу ісінің меңгерушісі болып қажырлы еңбек жасауда. Алтын Мұсатайқызы білім беру саласында алған марапаттары мен оқушыларының жетістіктері мол жоғарғы санатты математика пәнінің мұғалімі.
Алғашқы еңбек жолын Сарысу мектебінен бастаған Дадуова Батиха Ниязкенқызы 1987 жылдан бастап Қызылжар ЖОББ мектебінде еңбек жолын жалғастыруда. Жоғарғы санатты биология пәнінің мұғалімі Батиха апай бірнеше жылдан бері тәрбие ісінің меңгерушісі болып тынбай қызмет атқаруда. Сол еңбегінің нәтижесінде бірнеше жоғарғы марапаттар иесі, берген білімінің нәтижесінде биология пәнінен оқушылары ҰБТ-дан жылда 100 пайыз көрсеткіш көрсетеді. Еңбектері еленіп бірнеше құрмет грамоталарын алды.
Қызылжар ЖОББ мекктебінде көптеген зиялы ұстаздар қызмет жасады. Ол кісілердің мектебімізге, оқушыларға білім беруде сіңірген еңбектері зор. Баланың білімді де білгір, дарынды да алғыр болуы мектепке, ондағы ұстаздарға байланысты екені ақиқат ұғым. Олай болса, бірінші кезектегі мәселе мұғалімнің кәсіби білімін арттырумен қатар, олардың ақпараттық мәдениетін, жаңа деңгейдегі педагогикалық қарым-қатынасын, шығармашылық және ғылыми-зерттеу қызметін дамыту. Жаңа тұрпатты педагогтың құзіреттілігін қалыптастырып, ақпараттық-әдістемелік шеберлігін дамытып, электрондық портфолиосын толықтыру. Осы талаптарға сай ұстаздар біздің мектепте баршылық, мектептің жетістіктері өз алдына.
Қызылжар ЖОББ мектебінен білім алып, бүгінгі күні әртүрлі салада қызмет атқарып жүрген құрметті лауазым иелері де қаншама...