Размер шрифта:
↑Наверх
Орынбай ауылдық округі
2-37-21, 52189, 5-22-47
Білім бөлімінің басты бетіне қайту
Сіз қалай біздің ұйымның жұмыс нәтижелерін бағалайсыз?
дауыс беру
өте жақсы - 457
жаман - 96
жақсы - 64
жай ғана - 53
жауап беруге қиналамын - 48
Барлығы дауыс берді: 718
нәтижені қарау
Сайтқа кіру статистикасы
Адалдық сабағы
03-09-2019 16:48
Адалдық сабағы

Жалпыреспубликалық бірыңғай

«Адалдық сағатына» тезистер

 

Құрметті оқушылар/студенттер!

 

Жемқорлық – індет, оның алдын алу міндет.

Себебі ол, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына, елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі келтіреді.

Осы орайда, Отанымыздың негізін қалаушы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің әрбір Жолдауында осы індеттің алдын алудағы мемлекеттің басты бағыттарын айқындап отырды.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында Елбасы сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын, сондай-ақ қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейтілетінін атап өтті.

Жаңадан сайланған Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы да өзінің сайлауалды бағдарламасында жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күрес жүргізілетінін жеткізді.

Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды.

                                                        Құрметті жастар!

 

 «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» немесе «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» негізімен өтіп жатқан адалдық сағатына қош келдіңіздер!

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің бастамасымен, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бүкіл Республика көлеміндегі барлық оқу орындарында бірыңғай «Адалдық сағаттары» өтіп жатыр.

Өскелең жас ұрпақтың тәрбиесіне адалдық пен парасаттылық қасиеттерін дәріптеуге үлес қосып отырған Агенттік ұстанымы жастар үшін маңызды бастама.

Білім күнінің алғашқы сабағында Адалдық, Парасаттылық, Әділдік және Сенім құндылықтарын насихаттау мақсатында Сіздерге арнайы келіп отырмыз.

Жалпы, бұл қасиетті ұғымдар қазақ болмысына жат емес.

Осы құндылықтардың арқасында туыстас тайпалар бірігіп, Қазақ хандығының негізі қаланды. Ұлан-асыр жеріміз, төл мәдениетіміз, тарихымыз сақталып, бізге аманат етіп тапсырылды.

Ғасырлар бойы қазақ хандарының билігін, елдің тұтастығын сақтаған Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы және Тәукеханның Жеті жарғысы да осы құндылықтармен түбірлес.

Қазақ қоғамында қылмыс пен жаза, әрекет пен айыптау мәселелерінің әділдігі, Отанға және отбасыға деген адалдық, жаратушыға деген сенім халқымыздың осы дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарымен қамтамасыз етілді.

Ал енді еліміздің қазіргі стратегиялық құжаттарын қарастыратын болсақ, олардың ең негізгісі – жеті ұзақмерзімді басымдықтарды көздейтін «Қазақстан-2050» Стратегиясы.

Осы Стратегияда сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін қауіп-қатер ретінде көрсетілген.

Сондықтан, елімізде осы маңызды мәселе бойынша қағидаттық ұстанымды білдіретін 2014 жылы 26 желтоқсанда 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды.

Стратегия мемлекеттің алдағы жылдардағы жемқорлыққа қарсы саясатының негізі болып табылады.

Стратегияда сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі қысқартуға, мемлекет пен қоғам өмірінің түрлі салаларында оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға қабілетті превентивтік сипаттағы кешенді шараларға жетекші рөл берілуі тиіс екендігі көрсетілген.

Стратегияның мақсаттары ретінде келесілер айқындалған:

- жемқорлық масштабын азайту;

- мемлекеттік органдардың ашықтығы;

- квазимемлекеттік және жеке секторлардың ашықтығы.

Осылайша, басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуы тиіс.

Қоғамдық өмірдің барлық салаларына еніп кеткен бұл індеттің алдын алу үшін елімізде институционалдық және құқықтық база қалыптасқан.

Мәселен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданды.

Тікелей Президентке бағынатын жаңадан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызмет етуде.

Атаулары көрсетіп отырғандай, Заңның да, Агенттіктің де басты мақсаты – әлеуметтік дерттің алдын алу болып табылады.

 

Жалпы статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, 2016 жылы –2807, 2017 жылы - 2452, 2018 жылы – 2375, ал 2019 жылдың 7 айында – 1738 сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Осы кезеңде біздің облыста 2016 жылы - 209, 2017 жылы - 385, 2018 жылы - 109, 2019 жылдың 7 айында - 56 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Байқағандарыңыздай, жылдан жылға елімізде және өңірімізде қылмыстық фактілер азайып келеді. Десе де, жемқорлықтың алдын алу жұмыстары белсенді түрде жалғаса береді.

                                                                                                                                             

Жалпы, еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағыттында жасалып жатқан пәрменді шараларды Халықаралық ұйымдар жоғары бағалап отыр.

Жалпы мемлекеттің өркендеуі сыбайлас жемқорлықсыз даму бағытында барлық тиісті шараларды қабылдауда. Бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл аудару маңызды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 21 тамызда өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінде жоғары оқу орындарында студенттер сессияны жабу, жатақханадан орын алу үшін пара беретіндігін жеткізіп, білімді ақшаға сатып алатын жастардың болашағы толғандыратынын айтып өтті.

Білім саласында орын алған келеңсіздіктерді анықтау мақсатында Елбасы жоғары оқу орындарында тексеріс жүргізіп, нәтижелерін қауіпсіздік кеңесінде қарауды тапсырды.

Өз кезегінде, Агенттік бастамасымен бүгінгі күні білім ошақтарында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстар жасалуда.

Еліміздегі барлық мектептерде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылған.

Бұл клубтардың негізгі мақсаты - жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар аясында өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы тұруға дайын тұлғаларды тәрбиелеу.

Біздің өңіріміздің өзінде ғана 300 мыңнан аса мүшелерді қамтитын 903 мектеп клубтары бар.

Бұған қоса, барлық жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселері ашылған.

Осы жобаның негізгі мақсаты – білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру.

Ал негізгі міндеттер ретінде келесілер айқындалған:

- білім беру ұйымдарының ашықтығы;

- академиялық адалдық;

- студенттер мен ұстаздар арасында жемқорлыққа қарсы мүлдем

төзбеушілікті қалыптастыру.

Бүгінгі күні облысымызда 28 білім ошақтарында «Саналы ұрпақ»  кеңселері ашылған (Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Сырдария университеті, 26 колледж).

«Саналы ұрпақ» жобалық кеңселерінің жұмыс бағыттарының бірі – ол сыбайлас жемқорлық жағдайларын анықтау мақсатында студенттер арасында сауалнама жүргізу.

Сауалнаманың нәтижелері білім ұйымдарының басшыларымен ескеріліп, жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша нақты шаралар қабылданады. 

                                                          Құрметті жастар!

2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл, өйткені Елбасымыз осы жылды Сендердің, Жастардың жылы деп жариялады.

Заманауи қазақ жастарының қоғамы өзге аға буындарға қарағанда ерекшеленеді: олардың өзіндік қағидалары, құндылықтары мен жетістікке жету барысында қолданатын тәсілдері бар.

Елбасы тағы бір сөзінде: «Әр адам еңбек ету, оқып білу, өмір сүру және заманауи әлемде тіршілігін жалғастыру дағдыларын қалыптастыруы тиіс» деген болатын.

Жаңа заман жастары біліммен қатар адалдық, парасаттылық, әділдік пен сенім деген адами құндылықтарды да бойына сіңіруі қажет.

Ал енді осы ұғымдарды кеңінен ашып өтейін.

Биыл барша ел болып, халқымыздың  ғұлама ойшылы, ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтудеміз.

Ұлы бабамыз өзінің еңбектерінде адал еңбекті, адал  ара қатынасты  өмірлік ұстаным етуді дәріптеген.

Өзінің отыз үшінші қара сөзінде, ол: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі - сол», - деп ойын тұжырымдаған. 

Тағы бір өлеңінде: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, жастарды адал жүріп, адал тұруға және адал еңбек етуге шақырды.

Ал, ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы Шәкәрім қажы адалдық турасында: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен адалдық ар үшін жи», - деп бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, адалдықтың ар біліміне қатысына да ерекше көңіл бөледі.

Өзінің «Үш анық» атты философиялық еңбегінде Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуы керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге мүмкіндік жоқ» - деген екен.

Жалпы Адалдық дегеніміз не?

Мұның жауабын іздеуде әрине, адам бойындағы асыл қасиеттер еске түседі. Демек, асыл қасиет деп - еңбексүйгіштік, достық, әдептілік, шынайылық, адамдарға көмек беру, қоғамға қызмет ету, құрметтеу, жақсылық жасау, кішіпейілдік. Бұл қасиеттер - әрбір адамға тән, жақсы өмір сүрудің шарты.

Адамда асыл қасиеттермен қатар жағымсыз қасиеттер де болады. Олар – жалқаулық, сараңдық, пайдакүнемдік, менмендік, мақтаншақтық, қулық, екіжүзділік, қатыгездік, ашу, ызақорлық, тағы басқа.

Осылайша, адам бойында ізгі қасиеттер неғұрлым биік тұрса, ол адамның аты да, болмысы да жоғары болмақ және ол адам сымбатты да, парасатты көрінеді. 

Адалдық –  адам бағасының бір өлшемі де іспетті. Жеке тұлғалар мен адамдардың абырой - атағын арттыратын ізгі қасиет.

Әрбір қоғамның адалдық жайында өзіндік пайым-түсінігі бар. Қарапайым халық әрқашанда адалдық қасиеттерін кіршіксіз таза ұстауға ұмтылады.

Адалдық адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Ол туа пайда болмайды. Қоғамның дамуына сәйкес әрбір адамның өнегелі тәрбиесіне, оқып білім алуы мен адал еңбектену процесінде қалыптасады.

Баланы жастайынан Отансүйгіштікке, адалдыққа, әділдікке мейірімділікке, қарапайымдылыққа үйрете отырып, жаман әдеттерден аулақ болуға, білім мен еңбекке ұмтылуға тәрбиелеу үлкендердің негізгі мақсаты.

Әрбір ата - ана, әрбір ұстаз балалар үшін лайықты үлгі болып, нағыз қастерлі қасиеттерді таңдауға көмектесетін ұлы тұлғалар.

Сіздерге білім нәрін беріп, тәрбиесіне зор үлес қосып жүрген ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың үміттерін ақтап, болашақта ел тізгінін ұстар, ел болашағы үшін адал еңбек ететін патриот, елжанды азаматтар шығатынына кәміл сенемін.

Халық даналығында мына бір жақсы ұғым келтірілген:

«Адалдық өміріңе керек нәрсе, ол да гүлдеп, нұрланар көңіл бөлсе.

Халыққа өз пайдасын тигізе  алмай, адам  боп, өзін-өзі меңгермесе»!

Демек, әр адам  дүние  есігін  ашып, шыр етіп өмірге келген күннен  бастап жақсылықты да, жамандықты да көріп өмір сүре бастайды.

Бұл тұрғыда тағы қосарым, адалдық – адамгершіліктің аса маңызды талаптарының бірі.  Ол жалған сөйлемеу, жалтармау, уәдесінде тұру сияқты қасиетті қамтиды. Баланы адалдыққа тәрбиелеу, адал еңбекке, әдептілікке үйретуден басталады.  

Бала өз ризық, несібесін өз еңбегімен, яғни адалдықпен  тауып жеген адамның  ең ардақты, халық алдында құрметті, сыйлы кісі саналатынын түсініп,  сондай болуға өзі де талпынатындай үлгі-өнеге көріп, біліп өсуі керек.

Осы адалдық қасиеттеріңді жоғалтпай, жаңа оқу жылында емтихандарда оңай жол іздемеңдер. Тек өз білімдеріңе сеніп, ол сынақтардан абыроймен өтіңдер. Сендерді адал еңбектерің ғана алға жетелейді.

Ендеше, осы адалдық жайлы бір мысалды келтірейін.

Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен адам өмір сүріпті. Бір күні замандастары әңгіме-дүкен құрып отырған шақта оған:

– Осы достықтың неше түрі болады?, - деп сауал тастаған екен. Сонда Әйтімбет: – Достықтың екі түрі болады. Бірі – адал достық, екіншісі – амал достық, – деп жауап қайтарыпты.

Замандастары тағы да:  – Енді осы екі достықты қалай ажыратамыз? – деп сұрапты. Әйтімбет ойланбастан:  – Адал достық – өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады, – депті.

Сондықтан да, жастар, бойларыңда адалдық қасиеті жоғары болсын. Сонда ғана айналадағы адамдар да сендерге адал, әрі болашақтарың да жарқын болады.

Жалпы, адалдықтың биік шыңы – ол парасаттылық.

 

Парасат ұғымын ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлы адам болу, толық адам деген сөздермен белгілейді. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», - деп тұжырым жасайды.

Ал әлемге әйгілі ойшыл, философ Әл – Фараби: «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсатпен кездейсоқ рақат үшін емес, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында» деген екен.

Ендеше, Парасаттылық дегеніміз не?

Парасаттылық – мейірімді жүректен басталады.

Парасаттылық – адам бойындағы ізгі қасиет. Жеке тұлғаның қадір-қасиетін, кемелдігін, келешегіне тікелей әсер ететін құндылықтардың бірі.

Адам өмірінде бұл қасиет ақылдылық пен білімпаздық, мәдениеттілік пен көрегенділік сипатына ие.

Қоғамда парасаттылық адам бойында кездесетін асыл қасиеттердің біріне айналып, адамгершілік пен өнегелілік тұрғысынан жоғары бағаланған.

Парасатты адам сөйлейтін сөзін, қабылдайтын шешімін алдымен ақыл таразысынан өткізіп алып, жан - жағына мейірімділікпен, әдептілік сақтап, адамгершілік және ізгілікпен кең мінезділікпен із қалдырады. Мұндай қасиетті меңгерген тұлға жүрген ортасында сый-құрметке ие болып, тілеулестерін қуанышқа бөлейді.

Парасаттылық жеке тұлғаның интеллектуалдық және мінез-құлық жағынан толысып, жетілгендігін, жоғары мәдениеттілігін көрсетеді.

Басқа қандай артықшылығы болғанымен, ұшқалақ, күйгелек, ашушаң мінезді адамдарды парасатты адамдар қатарына жатқызбайды.

Сонда парасат ұғымы жеке адамның толысқан кемелдігінің белгісі ретінде үлкен сана мен келісті әдет инабаттылығының, кең, бай мінезінің жарасты тұтастығын білдіреді.

Адам екеніңді сезінгеннің өзі үлкен бақыт. Оны сезіну - нағыз парасаттылықты қажет ететін сенім.

Адамға қуаныш сыйлауға құмар болып, жақсылық жасаудан жалықпағандардың ғана абыройы асқақ, парасаты биік. Өйткені олардың алғыстары шексіз, тілеулестері көп.

Адалдық пен парасаттылықтың өлшемі ақылдықтың бір көрінісі.  Ақылдылық міндетті түрде жоғары оқу орындарын үздік оқу не жаңа өнім ойлап табумен өлшенбейді. Парасатты жан өзіне не қажет екенін және оған жету жолын жақсы біледі.

Осы орайда 19 маусымда өткен «Айбын» V Республикалық әскери - патриоттық жастар жиынында Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Өмірде ең бастысы – адамдық парасаттылық, білім, жоғары кәсіпқойлық және өз Отанына адалдық» екенін атап өтті.

Жалпы, жастардың жетістікке жету жолындағы өзегі ретінде мына талаптар бойынша ілгері жылжу маңызды:

• «Сапалы білім»:Білім – көкжиегі кең жастардың басты құндылығы. Олар үшін бұл қоғамды қалыптастыратын мәдениеттің жоғарғы сатысы: қаржы және рухани дағдарыстан алып шығатын басты құрал.

• «Креативті және жасампаз тұлға»:Қазақстанның сәтті, қарқынды және инновациялық экономикасы креативті және жасампаз жастардың көмегімен ғана қаланады. Өйткені, бұл қасиетке ие жастардың қолынан идеяларды іске асыру, әдеттен тыс шешімдерді табу және қабылдау, шығармашылық дамуға бастау мен олардың өмір салтына енгізу келеді.

• «Бәсекеге қабілеттілік»:Мемлекеттің стратегиялық міндеттеріне айналған бұл дағды жетістікке бастайтын бірден-бір жол. Бәсекеге қабілетті болу – кәсіби маман ретінде биіктердің бағындыруға мүмкіндік береді.

• «Жоғары ақпарат мәдениеті»:Ақпараттар ағыны көш бастағаннан бері адасу да, жалған мен шындықтың аражігін айыра білу де қиынға соғуда. Әсіресе, бұл этика аспектісіне келгенде ақсаңдап жатқаны жасырын емес. Жастардың дамуы барысында ақпараттардың жіктелуі, оларға сараптама жасай білуі мен қоғам талабына сай өңдей білуі де басты міндеттердің қатарына кіреді.

• «Біліктілік»:Бұл бағыт бойынша жастарға мәселе төңірегіндегі сұрақтарды жан-жақты қорытып, салмақты түрде шешім қабылдай білу міндеті жүктеледі. Мақсаттарды қоюы, орындалуы, тұлға ретінде даму барысында шексіз мүмкіндіктер алаңын қолдануы, жеке көзқарасын білдіруі де маңызды рөл атқарады. Бүгінде жастар өз өмірлеріне аса қызығушылық танытып, өздеріне не керектігін нақты біледі және сол жолда күресуге дайын. Олар өздерінің мүмкіндіктеріне сенім артады және болашақта білім мен дағдылардың септігі тиетіндігін жақсы түсінеді.

Міне, жастар парасатты адам болу үшін жоғарыда келтірілген жақсы ұғымдарды үнемі естеріңде сақтасаңдар, тілеулестерің де көп, жүрген орталарыңда сый-құрметке ие болатын парасатты жан боласыңдар. Сонда кемел келешектеріңе нық сеніммен қарауға болады.

Адамдық парасаттылықты бір ғана мысалмен келтірсем.

Осыдан екі ай бұрын 24 маусымда Арыс қаласында төтенше жағдай орын алды.

Осынау қиын-қыстау уақытта еліміздің әрбір тұрғыны бей-жай қалмай, орын алған жағдайдың ауыртпалығын жеңілдетуге ел болып көмек көрсетті.

Қиындыққа тап болған тұрғындарға көмек қолын созу үшін «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

Акция аясында бүкіл қазақ елі Арыстықтарға қолдарынан келген қайырымдылықтарын аямай, үлкен парасаттылықтарын танытты.

Қол ұшын созған азаматтардың қатарында танымал отандық кәсіпкер, BI Group құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев та бар. Ол Арыстағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін жөндеп беруге 100 млн. теңге бөлді.

Жалпы, жүрегі мейірімге толы, бойына парасаттылық қасиетін сіңірген тұлғаның болмысымен бірге әділдік қасиеті де қатарласа жүреді.

 

Хәкім Абай Құнанбайұлы: «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ», – деген екен.

Тағы бір өлеңінде:

«Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.

Жүрегіңді сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан - шын асыл, тастай көрме» - деп жырлаған екен Ұлы атамыз.

Ал ғұлама Қожа Ахмет Ясауи болса, «Әділ сөйлеп, адал жүр» - деп, ойлы орам қалдырған.

Ендеше, Әділдік қандай қасиет?

Әділ болу – адам ақысын жемеу, дұрыс шешім қабылдау, шындыққа жүгіну секілді түсініктерді құрайды. Әділ адамға сенім де мол болады.

Әрине, әділдік адалдықтан туады. Және кез келген істе жұрттың бәрі адалдық танытады деу асыра айтқандық болар еді.

Әйтпесе мүлде қылмыс та болмай, сот жүйесі де, құқық қорғау органдары да әділдікті орнатамыз деп шала бүлінбес еді.

Ол нені білдіреді? Әрине, қайда болса да, әділдікті орнатудың қиындығын білдіреді.

Өйткені ол дауласып қалған екі адамның арасындағы келіспеушілік кілтін табу үшін ғана емес, бүкіл адамзаттың болашағы үшін керек.

Міне, сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «ХХІ ғасырдағы әділдік – бұл ұлттық дамудың ең маңызды шарттарының бірі» деген болатын.

Бұл сөзге ел іші де, сырты да тыныш болсын, халықаралық жағдай жақсы болсын, дау-дамай, өкпе-наз, қастандық аз болсын деп тілейтін иманды жанның бәрі қосылады. Өйткені әділ бола білудің маңызы тереңде.

Кез-келген жағымсыз әрекеттер арыңды, ұятыңды, ақылыңды тұншықтырады. Ар, ұят, сана, ақыл – адамның жануардан ерекшеленетін ең жоғарғы сапасы.

Адамның  ниеті,  ойы,  іс-әрекеті  шындыққа, адалдыққа негізделгенде адам  өзіне  де,  өзгеге  де  адал  болады. Ол  біздің ішкі  жан-дүниемізден  бастау  алады.  Адамның  көңілі  таза,  пейілі кең,  адал,  шыншыл  болғанда  әділдікке  қол  жеткізеді.

«Адамның ең аяулы өнегелі қасиеті - турашылдығы десек,  турашылдық сол әділдіктен нәр алады. Әділдіктің жоқтығынан ел азады. Адамдардың жасампаздық күші сарқылып,  биліктің іргесі шайқалады.

Сондықтан, жасөспірімдер бойына әділдік үшін күресті дарыта алсақ, ертеңге сеніммен қарауға болады» - деген Ш.Құдайбердіұлының сөзі өнегелі қасиеттің өрісін кеңейте түседі.

Адам болып туылған соң нағыз адами қасиеттерді бойына сақтап қалуы заңдылық.

Әсте, адам боп өмір сүрудің жүгі жеңіл емес. Күнделікті тірлігіміз де, жалпыға қарым-қатынасымыз да, сөйлеген сөзіміз де, дауыс ырғағымыз да - біздің адами келбетімізді аша түседі.

Осыған қарап өзгелер бағалайды, сыйлайды, құрметтейді. Адами қасиеті мол биік тұлғаны дұшпаны да сыйлайды. Ал, жағымсыз адам өз туысына да ұнамайтыны айдан анық.

Енді Әділдік қасиеті жайында мысалмен өрнектесем.

Ел мақтанышы, олимпиада чемпионы, боксер Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанға келмес бұрын Өзбекстанның нөмiрi бiрiншi боксшысы болған.

Бiрақ, өзбек елі Афины Олимпиадасы қарсаңында қандасымыз Бақыт Сәрсекбаевтың жоғары көрсеткішіне назар аудармай, Олимпиада ойындарына жолдама бермейді.

Міне әділетсіздік деп осыны айтуға болады.

Саңлақ спортшы Бақыт көп ұзамай туған жері Қазақстанға қоныс аударды.

Ол Халықаралық деңгейдегі спортшы болғанына қарамастан, елге келіп барлығын қайтадан бастады. Ел сенімінің үдесінен шығып 2004 жылы ел чемпионы атанды.

Кезекті Олимпиада ойындарында Бақыт Сәрсекбаев өзiнiң Өзбекстандық қарсыласы Дильшод Махмудовты жеңіп шығып, өзiне тең келер боксшы жоқ екенiн дәлелдеп бердi.

Міне, Бақыт үшін әділдік орнаған ел – туған жері Қазақстан болды. 

 

Қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқы тарихының төрінен орын алатын дара тұлға Ілияс Есенберлин атамыз: «Сенім. Бұл бір ұлы күш. Сенімге ие болу - өмірді мәнді етеді» - деп, өз ойын түйіндеген. 

Ал, даңқты батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Сен - ата-анаңның үмітісің. Сен қайталанбас тұлғасың, өз өміріңнің белсенді жасаушысысың, сондықтан өзіңе ғана сен» десе, рухты жырларымен халықты жігерлендірген алаштың арысы Мағжан Жұмабаев: «Жалпы адамзаттың жақсылығына сену - адамгершіліктің ең биік белгісі» - деп өзінің тұжырымын жасаған.

Ендеше, Сенім дегеніміз не?

Сенім – адамның ақыл-ойын, күшін, еркін, қабілетін жоғарылататын жағымды сезім, адамның ақиқатқа көзқарасынқарым-қатынасын анықтайды.

Адам алдына мақсат қойып, оның нәтижелі орындалуына сенім білдіріп, іс-әрекетке кіріскен кезде ғана, ол жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады.

Сенім – адамның жігерін арттырып, болашаққа ынталандыратын ұлы сезім. Сенім үміттен басталады. Сенім адамның алдына қойған мақсатының айқын болуы, дүниетанымының өмірмен байланыстылығы берік сенімнен туады. Бұл адамның нақты іс-әрекеті мен тәжірибесіне байланысты.

Жастар, «Сенім - жетістіктің кілті» деп нық айта аламыз. Алдыңғы буын аға ұрпақтың сенім туралы айтқан ұлағатты сөздеріне де көз жүгіртейік.

Әсіресе, бұл ұлағатты сөздер «Жаны таза адамға өзгенің көрсеткен сенімі бойына қайрат, қиялына қанат береді. Сол сенімді ақтаймын деп қандай қиындық болса да, қарсы тұра алады, ақтап шығуға жанын аямайды» деген ұғымдар өмірдің өзегі де, негізі де шын мәнінде сенімнен тұратынын аңғартады.

Сенім – құдіретті күш! Дәрігердің емдік іс-әрекетіне толық сенсең ауруыңнан толық жазыласың, ертеңгі мақсатыңа сенсең, қандай қиындық болса да, әрекеттеніп, мақсатыңа жетесің, әлеуметтік келешегіңе сенсең, сол бақытқа өзің де барлық адамдармен бірге ұмтыласың.

Егер өздеріңе сенімді болсаңдар, жақсы оқысаңдар, оңай жолды іздемей, жасайтын істерің адал болса, сыбайлас жемқорлық деген дертке тап болмайсыңдар.  

Сенім тек жақын адамдардың арасында ғана емес, қоғамдық деңгейде, әлемдік шеңберде де көрініс алады. Адамның өз-өзіне, өзгелерге сенім білдіруі оның өмірге деген үміті мен қызығушылығын арттырады.

Өз-өзіне сену адамның өз құндылығын түсініп, мақсат-мүддесіне жетуіне көмектеседі. Айналадағы адамдардың сенім білдіруі адамның жауапкершілігін арттырып, өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашуға ықпал етеді.

Осы сенім қасиетіне де бір мысал келтірейін.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  экономика күйреу жағдайында тұрды, іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция бірден өсіп кетті, жұмыссыздық көбейді.

Осы қиындықтардан өту үшін елімізге халықаралық деңгейдегі кәсіби кадрлар қажет болды.

Сол себепті, Елбасымыз «Болашақ» бағдарламасын құрып, жастарды әлемнің үздік оқу орындарында оқуға жолдау туралы сенімді стратегиялық таңдау жасады.

11 мыңнан астам отандастарымыз әлемнің үздік оқу орындарында білім алып, бүгінде түрлі салада қызмет етуде.

Олардың бірқатары мемлекеттік және жеке салада абыроймен жоғары лауазымдарды атқаруда.

Ел үмітін ақтап жүрген азаматтардың қатарында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек,                     Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев те бар.

Сондықтан да, жастар, сендер де, оқуларыңды жақсы оқып, шет тілдерің жетік меңгеріп, осы ағаларың секілді Ел сеніміне лайық болып, үлкен азамат болыңдар.

Осылайша, бүгін біз жеке тоқталған адам бойындағы асыл қасиеттер: адалдық, парасаттылық, әділдік және сенім құндылықтарын қоғам арасында кеңінен насихаттау маңызды.

Себебі, осы асыл қасиеттер дамыған ортада сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ.

Қасиетті Құран Кәрімнің асыл аяттары да адам баласына адал, парасатты, әрі әділ болуға шақырады.

Мәселен, ән-Ниса сүресінің 135 аятында: «Әй сенушілер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені Алла, екеуіне де тым жақын. Олардың халін біледі. Ендеше әділдік істеуде нәпсіге ермеңдер. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Алла не істегендеріңді толық білуші».

Көңіл аударатын жайт, қасиетті Құранның осы аяты әлемдегі ең үздік жоғары оқу орны Гарвард университеті Заң факультетінің негізгі кіреберісінде орналастырылған.  

Құрметті жастар, Сіздер еліміздің ертеңгі тірегісіздер.

Биылғы жыл - «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы. Рухани азғындалып бара жатыр деп сөгетін ғасырда өзінің ұлттық мүддесі үшін еңбек ететін, тарихын бағалайтын және болашаққа еш кіршіксіз сенетін рухты жастардың бары қуантады.

Біліммен қаруланған, ақыл - парасаты толысқан адал ұрпақ барда Қазақстанның келешегі жарқын болатындығына сеніміміз мол.

Құрметті жастар, Сіздерді елі үшін аянбай еңбек ететін, қызмет пен мансап қуалаудан бұрын - ар-ұят пен патриоттық сезімді алға қоятын азаматтар шығады деп сенемін және тілектеспін.

Осындай жалпыреспубликалық «Адалдық сағаттары» жыл сайын дәстүрлі түрде «Білім күнінде» бастау алып, жас буынның рухани болмысын кемелдендіру үшін жыл бойы жалғасатын болады.

Алдағы уақытта игі бастамаға еліміздің абыройын асқақатып  жүрген ел мақтаныштары, зиялы қауым өкілдері және қоғам белсенділері де өз үлестерін қосады.   

             Құрметті оқушылар, бүгін бізге берілген Адалдық сабағымыз өз соңына жетті.

Әрдайым есте ұстаңдар: Өзіне - өзі сенімділік туа біткен қасиет емес, демек, оны адам өзінің бойында дамытуы тиіс. Сенім - жетістіктің кілті, ал сол кілт өздеріңнің әрқайсыңның қолыңда…