«Рухани жаңғыру» болашаққа бағдар, Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Төрлет, Наурыз төріме!» атты мерекесі аталып өтті. Мереке әр сыныпта тәрбие сағаттары өтуімен басталды. 17-19.03.18ж. аралығында ұстаздар ұжымы арасында «Наурыз көже» сайысы өз мәресіне жетті. Мектеп директоры Шибутова Б.А., ардагер ұстаз Сүлейменова Р.Ф. ұстаздар ұжымын және ата – аналар мен қонақтарды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады. Қазақтың ұлттық салт – дәстүрі мен ұлттық тағамын дәріптейтін «Наурыз көже» сайысының жеңімпаздарына мақтау қағаздары мен сыйлықтарын салтанатты түрде табыс етті.
«Наурыз» күн мен түн теңеліп, жерге көкке жан бітіп, жан – жануарлар төлдеп, адамдардың ауызы аққа тиетін, тоң жібіп, Жер – Ана бусанатын, қыстан аман шыққан шаруа адамының арқасы кеңіп, қолынан айыр – күрегін тастамайтын, ерекше күн деп әжелеріміз өскелең ұрпаққа баталарын берді. Мектеп ұстаздары Тусупова Г.Ш., Сүлейменова Ж.Ф. әжелеріміз бен қонақтарымызға арнап «Әйел бақыты» әнін тамылжыта орындады. Қазақтың киелі аспабы домбыраның көмейінен шыққан күйлерімізге 7-9 сынып қыз балалары қазақ биін биледі. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршіндер «Бүлдіршіндер» флешмобын билеп, ата- аналары мен мұғалімдерін бір қуантып тастады.