Б.Амалбеков атындағы орта мектебінің әкімшілігі және пән мұғалімдері өткен оқу жылында Қарағанды қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» ай сайынғы семинарларға қатысып,тәжірибе жинады.
Биылғы оқу жылы аталған мектептің тәжірибесін трансляциялау мақсатында 10 қараша күні аудан мектептері үшін біздің мектеп алғашқы семинарын өткізді. Семинар мақсаты: «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» инновациялық тәжірибесін аудан көлемінде тарату үшін әдістемелік-ұйымдастырушылық және ақпараттық шарттарды жасау және эксперименталдық алаң құру.
Семинардың тақырыбы «Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны» деп аталды. Мектеп директоры С.Бибосынов ұстаздарды семинар бағдарламасымен таныстырды. Семинар үш бөлімнен тұрды: «Секция жұмыстары»; «Қысқа мерзімді жоспардың құрылымдық ерекшелігі» тренингі; «Ашық сабақтар галереясы».
«Секция жұмыстарында»мектеп басшылары,оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар,жаратылыстану-математика бағыттағы пән мұғалімдері және тіл мамандары жаңартылған білім мазмұны бойынша өздерін толғандырып жүрген тақырыптар төңірегінде ой бөлісті.Атап айтсақ,мектеп директоры С.Бибосынов басшылары үшін «Басқару мен білім берудегі көшбасшылықты дамыту»,оқу ісінің меңгерушісі А.Садвакасова «Жаңартылған білім мазмұнын тиімді оқытуды ұйымдастырудың жолдары», тәрбие ісінің орынбасары А.Айтжанова «Тәрбие жұмысының мазмұнын жаңарту», математика және қазақ тілі пәндерінің мұғалімдері Ш.Абильдина,М.Жамауова «Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны» атты баяндамалар жасады.
«Қысқа мерзімді жоспардың құрылымдық ерекшелігі» тренинг барысында сабақтың мақсаты мен құндылықтары қамтылып,жаңаша әдіс-тәсілдер көрсетіліп кері байланыс пен рефлексияның айырмашылығы ашылды. Қатысушылар тренинг тақырыптарын өз бойларынан өткізу арқылы жаңартылған білім мазмұнының басымдықтарын терең түсінді. Тренинг сабақтарын өткізгендер: тарих пәні мұғалімі Г.Абдрахманова,химия пәні мұғалімі Ш.Искакова,математика пәні мұғалімі Ж.Қоңқашева,тіл мамандары Ғ.Қадірсізова,Б.Абекова.
«Ашық сабақтар галереясы»биылғы оқу жылындағы 5 және 7 сыныптарда жаңартылған білім мазмұнына сай өтті. Ұстаздар Ш.Абильдина «Жай бөлшектер мен аралас сандарды салыстыру», Д.Аринова «Заттар және металдар» тақырыптарымен 5 сыныптарда ашық сабақ берсе,7 сыныпта Л.Хасенова орыс тілінен «А что есть красота?» сабағын жоғары дәрежеде өткізді.
Мектеп психологы А.Серикбаева «Ұжымдық қарым-қатынас»ойын-терапиясы арқылы қатысушылар арасында қарым-қатынасты нығайту,бір-бірімен еркін сөйлесу,тығыз байланыс орнату жолдарын көрсете білді.
Оқушыларды кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында «READx» формасы негізінде «кітапханашы-оқушы-пән мұғалімі» серіктестігі арқылы Д.Исабековтың «Гауһартас»повесі негізінде «Гауһартас – нәзік сезімнің символы» атты пікір-талас өте жоғары дәрежеде өтті. Рефлексия ретінде шараға қатысушылар «Оқимын» деген смайликтарын бір ауыздан көтеріп,жаңа формадағы пікір-таласты «біз үшін бұл жаңалық, керемет болды» деп тұжырымдады.
Биылғы оқу жылында әр түрлі тақырыптарға негізделген тағы 4 семинар өтеді,олардың қорытындысы ретінде семинарларға қатысқан аудан мектептері жыл аяғында үйренген іс-тәжірибесін өздері қорғайтын болады.
«Назарбаев Зияткерлік мектебінің» іс-тәжірибесін насихаттау бойынша бірлесе жұмыс атқара отырып,өзара тәжірибе алмасу,ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру арқылы оқушының білім сапасының оң нәтижеге жетуіне ықпал ету осындай іс-шаралар арқылы жүзеге асады.
Семинар жұмысына аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Б.Аштаев,әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Ш.С.Боранбаева,әдіскер Г.Көбеева қатысты.
Г.Аханова
оқу ісі жөніндегі орынбасары