Қазір әлем көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамуда. Әрине, даму үшін әуелі, сол елдің білім беру жүйесі мықты болу керек. Өйткені, қоғамның қай саласында болмасын, іске асырылып жатқан өзгерістер, болып жатқан реформалар, экономиканың қарыштап дамуы мен халықтың әл – ауқатының көтерілуі, яғни әлемдегі мықты, жетекші мемлекеттердің қатарына қосылу – біріншіден, білім беру саясатының тыңғылықты іске асырылуымен, білімді ұрпағымен көрініс табады. Онсыз мемлекеттің дамуын, ілгерілеуін көзге елестету мүмкін емес.
Бүгінгі уақытта білім беру саласына енген жаңашылдықтың бірі – жаратылыстану – математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту болып отыр. Осы орайда, ауданымыздағы 10 мектеп ЖМБ –ғы пәндерді үш тілде оқыту жобасына еніп отыр. НЗМ – нің тәжірибесін насихаттау, тарату бойынша да ауданымызда бірқатар ілкімді шаруалар қолға алынған. Атап айтқанда, аудан басындағы Б.Амалбеков, О.Жұмабеков ЖОББМ ТМ мен №132 ЖОББМ НЗМ тәжірибесін насихаттайтын Жетекші мектептер қатарына еніп, өздеріне бекітіліп берілген серіктес мектептермен жұмыс жоспарын жасап, әрекет етуде. Осындай игі істің біреуі үстіміздегі жылдың 29 қарашасында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Б.Амалбеков атындағы жалпы білім беретін Жетекші мектебінің серіктес мектебі Қызылжар ЖОББМ – де өтті. Аты затына сай өткен семинар – «Үш тұғырлы тіл – уақыт талабы» деп аталады. Семинар қатысушылары «Sunny day» тақырыбындағы тренингке қатысып, одан кейін әр блок бойынша өткізілген аралас сабақ, зерттеу сабағы, CLIL технологиясына арналған ықшам сабақ, шебер сыныптарға кіріп, тәжірибе бөлісті. «Ата – ананың жұмыс орнындағы бір күн» әлеуметтік жобасын тамашалағаннан кейін, мектептің үйірме жұмыстарының көрмесімен танысты. Семинар соңында қатысушылар әдеби шығармалардың желісімен жазылған драмалық үйірменің қойылымдарын тамашалады. А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Мен ішпеген у бар ма?» қойылымы мен С.Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған «Азап вагонында» қойылымы өте сәтті шығып, оқушылар өз рольдерін тамаша алып шыға білді.
Келешекте аудан мектептерінің барлығы ЖМБ – ғы пәндерді үш тілде беру жүйесіне біртіндеп енетін болады. Семинар жұмысына қатысушылар Қызылжар ЖОББМ – нің ұстаздары мен оқушыларының осы үштілде оқытуға дайын екендіктеріне риза болып тарқасты.
Жаңаарқа аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті